Ашаршылықтан өлгендер шейіт болып есептеле ме?
Ашаршылықтан өлгендер шейіт болып есептеле ме?

Шейіт түсті деп – дін үшін және қасиетті мұрат жолында жән-тәсілім еткен баһадүрлерді айтамыз. Құран-Кәрімде шейіт түскендер туралы: «Алла жолында өлтірілгендерді «өлді» демеңдер. Жоқ, олар тірі. Бірақ, сіздер оны білмейсіздер (Бақара 154) деп бұйырылады.

Жалпы, Ханафи мәзһабының ғұламалары шейіт ұғымын үшке бөліп қарастырады:

Біріншіден, дүние ісі және ақыреті үшін шейіт болғандар. Яғни, дүние ісі болса да, әділдік үшін азап көріп, содан жаны қиылса, Құдай жолында құрбан болған саналады. Сондай-ақ, Хақ дін үшін қан-майданда жанын пида еткен және иманы мен ар-ұжданы үшін тауқымет тартып қаза болса, шариғатымыз бойынша бұлай жан-тәсілім ету күмәнсіз шейіт түскен болып есептеледі.

Екіншіден, ақыреті үшін шейіт болғандар. Олар ислами сенімі үшін физикалық тұрғыда жәбір-жапа шегіп, осы зорлықтан өліп кетсе, Құдай жолында құрбан болған саналады., Тіпті, ауыр азаптан аман қалып, соңынан қайтыс болса да, Тәңір жолында тартқан тақсыреті ескеріліп, шейіт түскендердің санатына жатқызылады. 

Үшіншіден, дүние ісі үшін құрбан болғандар бір қарағанда Хақ дін үшін жанын қиған болып көрінсе де, ниеті шейіт түсу болмағандықтан, ол адам шейіттердің санатына кірмейді. Тіпті, кейінгі толқын оның сыртқы тұрпаты мен жасаған ерлігіне қарап, шейіт деп еске алса да, ол адам бәрібір ақыретте шейіттердің сапында бола алмайды. 

Ал, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары ашаршылықтан қырылған халықты һәм саяси зұлматтан қаза тапқан ұлт зиялыларын шейіт деуге бола ма деген мәселеге келетін болсақ, шейіт болудың бірінші шарты жаны қиылған адам момын-мұсылман болуы шарт. Аллаға шүкір, Қазақ халқы мың жылдан бері Ислам дінін ұстанып келеді. Яғни, өткен ғасырдағы зұлматқа ұшыраған халық толықтай мұсылмандар болатын. Екіншіден, кеңестік жүйе қазақ халқын отырықшыландыру кезінде тігерге тұяқ қалдырмай мал-мүлкін тәркілеп алды. Соның әсерінен 32 жылғы қуаңшылықта халық аштықтан ыңыршағы айналы, тіске басар талғажу таппай қырылып қалды. Қызыл үкіметтің зорлық-зомбылығына қарсы тұрған бас көтерген азаматтарды жазалаушы отряд «банды» деп атып тастап жатты. Шынтуайтында, олар «банды» емес, халықтың ар-ұжданы мен мал-мүлкін қорғаған азаматтар еді. Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте: «Бір сахаба Хақ Елшісінен (с.а.у): «Менің мүлкіме біреу қол соғып, оған мен қарсы тұрып, содан өліп кетсем, не болады?», - деп сұраған. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Онда сен шейіт боласың» (Мүсілім Иман 225) деп жауап берген. Олай болса, қызыл үкімет мал-мүлкін күшпен тартып алғанда ашаршылыққа ұшыраған халықты және әділдік үшін шыбын жаны қиылған азаматтарды шейіт деп айтуымызға толық негіз бар деп ойлаймыз.

Мұхан ИсаханМұхан Исахан
2 года назад 1276
2 комментария
  • бұл жазбаңыз ата-бабаларымыз туралы жаңсақ ойлаудан сақтап қалады деп үміттенемін
    2 года назад
  • Біз олар көрген қиындықтың бірін де көрген жоқпыз. Жандары жəннатта болсын!
    2 года назад
О блоге
0
14148 42 51 306 26