Қайран Дидаға!
Қайран Дидаға!

Естуімше Дидағаңның әкесі шопан болған көрінеді. Көкесі малдың қамымен қыс қыстау, жаз жайлауда жүретіндіктен, Дидағаңды мектеп жасына жеткенде ауылдағы интернатқа оқуға беріпті. Әдепкіде бұрын-соңды үйінен ұзап көрмеген балаға бөтен ортаға үйреніп кету оңайға соқпапты. 
Көкесі мен апасын қатты сағынған бала Дидағаң сабақ бітісімен дереу Бұқтырманың арғы беті - Катонның бөктеріндегі қойшы ауылға ұзақтан көз тастайды. Бірақ, қанша демігіп қарайласа да төбесін көрсете қоятын ешкім жоқ. Іштегі толайым сағыныш жанардан жас болып парлап, қормал көке көрінбей, зарықтырған үстіне зарықтыра түседі. Арғы бетке көзінің қарашығын қанша қадап телмірсе де, өңешті жыртып қанша айқайласа да, жанары білеудей болып ісіп, қанша жыласа да сағынышты басар, көзайым болар көкесі көріне қоймайды...
Бірде ерте көктемде Бұқтырма бұрқырап, асып-тасып ағып жатқанда бала Дидағаң күндегі әдетімен өзен жағасына келіп, арғы бетке құмығып қарап отырады. Сол сәтте арғы беттен салт атты көкесі төбе көрсете қояды. Қуанғаннан: "Көке, көке" деп жанұшыра айқайлап, өзенге қарай тұра жүгіреді. Бауыр еті баласының аласұрған күйін көріп көкесі де сасқалақтап: "Дидахметжан" деп атымен өзенге күмп етіп түседі. Қалбалақтап өзен ортасына келгенде, табиғаты тасыр, кәрі қатты, асау Бұқтырма көкесін атымен бірге ағыза жөнеледі. Атымен малтып келе жатқан көкесін асау ағыс ағыза жөнелгенде баланың үрейі ұшып, айқайға басып, өзен жағалай ол да ары-бері жүгіреді. Арқыраған ақжал толқынға дес бере алмаған көкесі аттан айырылып, өзі бір бұтадан ұстап жағаға қарай малтиды. Бала да көкесінің көздеген жарқабақ тұсына ұмтылады. Бұтаға жабысып, ырғып-ырғып, жиекке жеткен әкесі әлсіреп барып, алға ұмсынып: "Дидахметжан ала ғой" қалтасынан түюлі шүбректі шығарады. Бала Дидағаң "Көкем-ау" деп ағыл-тегіл жылап, жағаға шыққан әкесін құшақтай алады...
Асқар Алтайдың, Катонның көркем келбетін, асау Бұқтырманың табиғатын тамашалап өскен өренге суреткер болмау мүмкін емес еді. Сағыныш, зарығу, күйініш, қатал тағдырды басынан кешірген жас өскіннің жазушы болмауы да әсте мүмкін емес-тін. Ал, Дидағаң осындай ұлы мектептің түлегі еді. 
Кейін Дидағаңнан құрдастары: "Әкейдің берген түюлі шүберегінде не бар екен?" деп сұраса, Дидағаң: "Бір сом бар екен" деп жауап беріпті. Қайран ұланын қапысыз сүйген әке! Дидағаңдай ұлды өсірген сенде арман бар ма? Бақұл бол баба! Бақұл бол Дидаға!

Мұхан ИсаханМұхан Исахан
9 лет назад 5638
2 комментария
  • Жаны жәннатта болсын!
    9 лет назад
  • "Бірақ, қанша демігіп қарайласа да төбесін көрсете қоятын ешкім жоқ. Іштегі толайым сағыныш жанардан жас болып парлап, қормал көке көрінбей, зарықтырған үстіне зарықтыра түседі. "
    Әке-шешеден, ауылдан алыс жақта оқу немесе жұмыспен жүргендердің бәрінде болатын сағыныш-ау шамасы.
    Жаны жәннәтта болсын!
    9 лет назад
О блоге
0
20329 42 51 306 26