Қазақ үшін 1941-1945 жж қан кешу "Ұлы Отан соғысы" емес
Қазақ үшін 1941-1945 жж қан кешу "Ұлы Отан соғысы" емес

Қазақ тарихы 1941-1945 жылдардағы мұқым ғаламды шарпыған ІІ жаһан соғысын қалай бағалауы керек? Сұрапыл соғыс жылдары Қазақ елі қызыл империяға бодан болғандықтан, біз орыс ұлтының қас-қабағына қарап ІІ Дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп бағалауға мәжбүр болдық. Шынтуайтында, 1941-1945 жылдардағы қан майдан қазақ халқы үшін «Ұлы Отан соғысы» санала ма? Тәуелсіз санамыз толық қалыптаспағандықтан біз кесіп «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алмаймыз. Сол сұрапыл соғысқа жарты миллионнан астам ата-бабаларымыз аттанып, көбісі ерлікпенен қаза тапқандықтан, тылдағы қалың ел жеңіске жету үшін «Бәріде майдан үшін, бәріде соғыс үшін!» деп төрт жыл аянбай тер төккендіктен, жетпіс жыл бойы насихатталып, санамызға сіңісті болып қалған «Ұлы Отан соғысы» деген ұғымға қарсы шыға алмаймыз. Десекте, хақиқи түсінік түбінде жеңіске жетпей қоймайды. Күштеп танымға таңылған ұғым әйтеуір бір тәрк етіледі.

Қазақстан Республикасы 1936 жылы Кеңес Одағына тәуелсіз субекті ретінде мүше болды. Қызыл империяның кезінде Қазақстанда мәдени-экономикалық тұрғыда аздап болса да алға жылжушылық байқалды. Сол себептен Кеңес үкіметінің фашистік Германияның басқыншылығына қарсы жүргізген соғысы біздің еліміз үшін «Ұлы Отан соғысы» болып саналды. Әйтсе де, Кеңес Одағының құрамына мүшелікке қазақ халқы өз еркімен енген жоқ. Кеңес үкіметі 1918-1920 жылдары қазақ халқының тәуелсіз мемлекетін құрмақ болған «Алаш Орда» үкіметін саясат сахнасынан күштеп ығыстырды. 1932-1933 жылдарғы Голощекиннің жасаған геноцитінде халқымыздың тең жартысы аштан қырылып, бір бөлігі аман қалу үшін еріксіз шетел асты. 1937-1938 жылдары сүт бетінен қазақ халқының қаймақтары сылынып алып, арыстарымыз нақақтан нақақ мырышқа түйрелді. Соғыстан бұрын қаншама ұлт қайраткерлеріміз итжеккенге айдалып, абақтының атжалманына жем болса, соғыстан кейінгі жылдары да ұлттың жоғын жоқтаған қаншама ғалымдарымыз жазықсыз жапа шекті. Елуінші жылдары орыс мәдениетінің экспанциясына ұшыраған қазақ халқының дәстүрлі діні мен мәдениеті қатты құлдырауға ұшырады. Сонда, қазаққа көрсетпеген құқайы жоқ Кеңес үкіметі қалайша бізге «Отан» бола алады?

Мамыр айының қарсаңында Ресей телеарналарында көрсетілетін кино-фильмдер  1941-1945 жылғы соғысты орыс халқының жеңісі ретінде көрсетуден бір танбайды. Әрі-беріден соң сол соғыста құдды тек орыс ұлты ғана ерлік көрсеткен секілді сюжеттер сомдалады. Осыны көре-тұра сұм соғысты «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деп бағалаудың орнына, солтүстіктегі көршімізбен бірге әрбір жылы «Ұлы Жеңіс күнін» еске алып, мәре-сәре той өткізуден бір жалыққан емеспіз. Тарих қойнауына көз жіберер болсақ, бабаларымыз жалдамалы әскер болып өзге елдер үшін қаншама мәрте қан кешкен. Біз Византия мемлекетін қорғап қалған Кеген ханды, Грузияны сыртқы жаулардан аман сақтаған Артық ханды, Мысырды  жауламақ болған басқыншыларды тас-талқан еткен Бейбарысты батыр бабаларымыз деп мақтан тұтамыз. Олай болса, біз Бауыржан, Қасым, Төлеген, Талғат, Мәншүк, Әлия, Хиуаздарды да фашистік Германияның агрессиясынан Ресейді қорғап қалған қазақ халқының батырлары деп мадақтаған дұрыс сияқты.

Мектеп қабырғасында жүргенде біздің толқынға 1812 жылғы орыс-француз соғысы «Отан соғысы» деп оқытылды. Тарихшыларымыз оған дәлел ретінде орыс-француз соғысына Бөкей ордасының жүздігінің қатысқандығын алға тартатын. Дербестік алғаннан кейін бұл соғысты «Отан соғысы» демек түгілі тарих оқулықтарынан көрмейтін болдық. Ал, бірақ біз одан кейін болған 1941-1945 жылғы қан кешуді ІІ Дүниежүзілік соғыс деп бағалаудың орнына әлі күнге дейін «Ұлы Отан соғысы» деумен келеміз. Тегінде, 1812 және 1941-1945 жылдардағы басқыншыларға қарсы күрес тек орыс халқы үшін ғана Отан соғысы саналады. Иә, күндердің күнінде «Ұлы Отан соғысы» деген жалаң ұғымды тәуелсіз санасы қалыптасқан өскелең ұрпақтың «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деген ақиқат ұғыммен алмастыратыны анық. Лайым, сол арайлы күндердің таңы ертерек атсын деп тілейміз!

Мұхан ИсаханМұхан Исахан
10 лет назад 16401
9 комментариев
  • Ақиқаты осы шығар...
    10 лет назад
  • Соғыстың бірнеше түрі бар. Ел үшін соғыс. Жер үшін, дін үшін, отбасың үшін соғыс. Саяси күшпен біріктірген Кеңес Одағы СССР) кезінде орыс ұлтынбірінші орынға қойғаны рас. Одан соң Джугашвилидің ұлты грузиндер болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың болғаны да ғасырлар өте аңызға айналып қалары да анық. "Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан" деп атам қазақ бекер айтпас-ты. Ол соғыста да, ашаршылық уақытында да, репрессияда да менің атам, апам, әке-шешем өтті. Алды атылды, арты ашаршылық пен қуғын-сүргінмен, діндарлардың тұқымдары деп шеттетілді де. Алланың сынағы болды, қазағыма. Имандылық таңы атып қазағым еңсесін көтерді. Міне енді әлем алдында еліміздің беделі де жетерлік. Тәуба! Біздің міндет алдағы күнімізді ойлау. Болашақ үшін қам жасау. Идеологияны ширату. Экранды түзеуіміз керек. Сонда ғана "Ұлы Отан соғысы" ма, екіншідүниежүзілік соғысы ма өзінен өзі реттеледі. Қазіргі таңдағы сіз біздің ең басты жауымыз өз нәпсімізбен соғысты күшейтуіміз керек. Тиіспіз! Жан-дүниесі, ойы, ісі таза адамды еш жау жеңе алмайды. Ал сондай таза адамдардан құралған елді жеңу мүмкін бе?
    10 лет назад
  • ұлы отан соғысы деп атаймыз ба, екі дүниежүзілік соғыс дейміз бе айырмашылығын көріп тұрғаным жоқ. Аталарымыз біздің бейбіт күніміз үшін соғысты, ал қалғаны далбаса әңгіме
    10 лет назад
  • Иә, бұл шындық....
    10 лет назад
  • Иә, құлдық санамен өмір сүретіндер үшін бәрі далбаса
    10 лет назад
  • خالف تعرف
    10 лет назад
  • صحيح
    10 лет назад
  • Келісеміз...
    10 лет назад
О блоге
0
20329 42 51 306 26