Қожанасыр Қазаққа қайдан келді?
Қожанасыр Қазаққа қайдан келді?

Қожанасыр тарихи тұлға. Оның кесенесі қазір Түркияның Ақшехир қаласында орналасқан. Қожанасыр - өнеге мен ғибратқа толы насихаттар айтып, бар ғұмырын қалың бұқараға тура жолды көрсетуге арнаған тәлімі зор, ерекше тұлға. Кейбір деректерде оның әулие, ғалым болғандығы да айтылады. Оның хикметке толы ғибратты сөздері ауыздан-ауызға өтіп, бүгінге дейін жетіп отыр. Қожанасырдың қағытпа сөздері турасындағы фольклорлық әңгімелер барлық түркі халықтарын кездеседі. Қазір, Қожанасырдың атына таңылып жүрген «анекдот» түріндегі салт-дәстүрге, дінге, этикаға теріс келетін әзіл-оспақтар негізінен оның сөздері емес. Түрлі жағдайларға байланысты, Қожанасырдың образы өзгеріске ұшырап отырған. Оның бірден-бір себебі, Қожекеңнің өмірін бейнелейтін нақты жазба әдебиеттің жоқтығында. Дегенмен, Орта ғасырларға тән манакыб, тазкирие және лұғат жанрында жазылған шығармаларда оның есімі аракідік айтылып қалады. Қожанасыр туралы алғашқы деректер Сары Салтұқтың өмірін баяндайтын Әбулхайыр Румидің «Салтұқнамесінде» кезігеді. Фатих Сұлтан Мехметтің ұлы Жем сұлтанның билігі кезінде Әбулхайыр Руми түрік тілінің сөздігі саналатын «Салтұқнаме» атты шығарманы жеті жыл уақыт жазып, 1480 жылы кітап етіп бастырған. Қожанасыр 1208 жылы Акшеһирде Абдуллаһ қожа мен Сыдықа қатынның отбасында дүниеге келгены. ХІХ ғасырда өмір сүрген Сибрихисардың муфтиі болған Хусейн мырзаның «Межмуай-Маариф» атты шығармасында Қожанасырдың туылған жері Сибрихисардың Қорту елді-мекені деп көрсетілген. Алайда, басқа зерттеушілер бұл дерекке күманмен қарайды. Атақты энциклопидист Фуад Көпірұлы «ХІІІ ғасырда өмір сүрген Хажы Ибрахим және Сейд Махмут Хайранидің шығармаларындағы басты кейіпкерді Қожанасыр болуы мүмкін» дейді. Тіпті, зерттеушілер Селжұқтар дәуірінде өмір сүрген дәруіш Вехлули Дана, Болгария мен Македонияда өмір сүрген Хитар Петар, сицилиялық Гиуфа, германиялық Тилл Еуленспиегел, ресейлік яһуди мұжық Хершеле Острополер атты кейіпкерлердің Қожанасырға ұқсастығына қарап, оның шын мәнінде өмірде болғандығына күманмен де қарайды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше оның есімімен бірге «афенди» (грекше «ие») атауы қоса айтылғандықтан, Қожанасырдың Анадолының төл тумасы екендігі, фольклорлық деректердегі есекке теріс мініп жүргеніне қарап, оның христиан монахы болғандығы айтылады. Келесі бір зерттеушілер Қожанасырды Хорасан аймағынан шыққан дәруіш десе, өзбек ағайындар оны Бұхараның тумасы деп те біледі.  Ал, түркиялық зерттеушілер Ыстанбұлдың алғашқы қазысы болған Сыбрихасардан шыққан атақты «Қызыр мырза» мен «Тазаррунаменің» авторы Синан пашаның Қожанасырдың нақ өзі екенін айтады.Қожанасыр көпшілік қауымға тура жолды нұсқап, жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан тыйған әулие адам болған. Ол қалың бұқараны хақпен қауыштыру үшін ешкімге ұқсамайтын өзіндік әдіс-тәсілдерді ұстанды. Ақиқатты паш ету үшін, сондай-ақ, қоғамды бұзық әрекеттерден арашалау мақсатында халыққа ең жақын тілді және тапқыр сөздерді қолданып, ащы мысқылға толы, адамды еріксіз күлдіретін, күлдіре отырып жылататын өнегелі сөздерді айтатын. Өзхан Өзтүрік атты зерттеуші «Қожанасырдың моңғол шапқыншылығының езгісіне ұшыраған Анадолы халқының шарасыз бейнесін суреттейтін тұлға. Ол жазба әдебиет қалыптаспаған дәуірде ел билеушілерді өткір тілімен сынап, халықтың пікірін білдеретін еді» дейді. Қожанасыр туралы кеңінен мәлімет беретін деректердің бірі Лондан мұрағатынан табылған «Хаза Тержемей Насриддин Ефенди Рахме» атты шығармасы. Бірақ, бұл шығармадағы басты кейіпкердің кейбір қылықтары Қожанасырдың сұлбасына ұқсай бермейді. Дегенмен, бұл шығармада Қожанасырды «әулиелердің әулиесі етіп» деп  көрсетеді. Қожанасыр өз дәуірінде философиялық қарапайым әзілдерімен отбасы мен көршілер арасындағы және сауда-саттық қатынастағы кемшілік пен олқылықтарды түзеп, шынайы достықтың қас үлгісін әзіл айта отырып ащы тілмен уағыздаған көрнекті тұлға-тын. Осы күнге дейін әлеуметтанушылар мен психологтар өз зерттеулерінде  Қожанасырдың өнегелі әзілдерін тиімді пайдаланып отырады. Түркі әлемінде оның айтқан әзілдерін тіпті қазылардың өзі үкім беруде үлгі ретінде негізге алған. Қожанасырдың әзілдері Еуропаға да тарап, бірнеше тілдерге аударылған. Пиерре Милленің «nasreddin et son epouse» және Евмонде Савуссейдің «La literatyre Populaire Turgue» атты шығармаларында Қожанасыр туралы арнайы бөлім берілсе, Jean Paul Carnierдің «Nasreddin Hoja et ses Histoires Turgues» атты шығармасы атағы мәшһүр әзілкештің қалжыңдарының жинағы болып саналады. Қожанасыр хақында азды-көпті зерттелген еңбектерді талдай келіп, оны ХІІІ-ХІV ғасырларда Анадолыда өмір сүрген деп тұжырымдаймыз. Өзбек халқының ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр хақындағы әзіл әңгімелердің бір парасы Әмір-Темірге арналғандығына қарап, оны Темір бастаған Мәуреннахр қосыны Анадолыны жаулап алған шақта, яғни, ХV ғасырдың басында өмір сүрді деп те болжауға болады. Ал, Орта Азия халықтарына Қожанасыр туралы хикаялар осы Әмір-Темірдің әскерінің Анадолыға жорығынан кейін кеңінен тарай бастаған.  Жалпы, Орта Азиядағы түркі халықтарында Қожанасыр тұрпаттас әзілдей отырып тапқыр сөз айтатын, өткір тіліменен ел билеушілерді қағытып тастайтын тұлғалар көп өмір сүрген. Қазақ халқының да әрбір ауылының өзінің Қожанасыры болған. Мысалы, біздің фольклорымыздың ең көрнекті кейіпкерлернің бірі Алдар көсенің басынан кешкен хикаяларының Қожанасырдың әзіл әңгімелерімен белгілі-бір ұқсастығы бар екені белгілі. Яғни, Қожанасыр туралы аңыз-әпсаналар ел ішінде көптеп айтыла бастағаннан кейін, Қожанасырдың әзілдеріне қисыны келіңкірейтін хикаялардың бәрін оның атына телу үрдісі пайда болған тәрізді. Бірте-бірте, Қожанасырдың кейпі трансформацияға ұшырап, ел аузында айтылатын амгершілікке жат хикаялардың көбі оның атына таңыла бастады. Тегінде, Қожанасыр көзі тірісінде-ақ, «әулие» атанған, ел билеушілері мен қарны жуан бай-манаптың ерсі қылықтарын өткір әзілдерімен сынап, қашанда халықтың жанашыры һәм әділеттің жаршысы бола білген. Осы тұрғыда, Қожанасырдың биік өресін төмендеткен білімсіздік пен надандық еді деп айтуымызға толық негіз бар. Әйтпесе, ол өзі өмір сүрген кезеңдегі дүмше  ғалымдардың надандығын бетіне басып, жаны шыр-пыр етіп жүріп шынайы ғылымды қорғап баққан. Сөз соңында айтпағымыз, Қожанасыр түркі халықтары сатирасының сардары. Бүгінгі әдебиетіміздегі иорония, сарказм, яғни, шымшып, шағып сөйлеу, ащы мысқыл, орынды келемеждеу мен кекету, тауып айтып ұялту мен мұқату, шындықты әзілмен шымбайына батырып жеткізу, қисынын келтіріп сөзбен қағыту, сөз жарыста ұтқыр әзіл айту секілді жанрлардың негізін салған Қожанасыр бабамыз. Бірақ, оның мақтамен бауыздау арқылы сойып салып, ақиқатты паш ететін әдемі тәсілінің ел ішінде кеміп бара жатқаны өзекті өртейді. Сатира көшінің бұйдасын ұстаған азаматтарымыз осыны ескерсе екен демекпіз.

Мұхан ИсаханМұхан Исахан
10 лет назад 9147
4 комментария
  • Мұқа блогтұғырға қош келдіңіз! Қазақы, тарихи мазмұнды дүниелеріңізді күтеміз!
    10 лет назад
  • Иә зерттеуі жақсы, берері көп мақала екен. Расымен де осы уақытқа дейін Қожанасырды жұрт анекдоттың ауылынан ары асырмады. Ал оның үлкен ғалым, ғұлама екенін ешкім ескерген жоқ.
    10 лет назад
    • Қайреке Қазақ қашанда игі істің жанынан табылуы керек қой. Жалпы, Ислам.кз менің ғана емес, мұқым Алаш баласының сүйікті сайты. Алла еңбектеріңізге береке берсін!
      10 лет назад
  • Мұқан аға, мақалаңыз тамаша екен! Қожанасыр туралы жақсы мәліметтер келтіріпсіз. "Қожанасыр көзі тірісінде-ақ, «әулие» атанған" дедіңіз ғой. Шынында да, қанағатқа қатысты айтқан, басқа да кейбір пікірлеріне қарап әулие екенін мойындамасқа шара жоқ. Сізден Қожанасырдың әулиелігіне қатысы жеке мақала күтемін!
    10 лет назад
О блоге
0
20329 42 51 306 26